Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Орал Бекмағанбетовтың айтуынша, үстіміздегі жылдың бір тоқсанында облыста 299 ата-ана баласын ектіруден түрлі себептермен бас тартқан.
«Бұл көрсеткішті тым көп деп айтуға болмайды. Өйткені өткен жылдарға қарағанда оның азаюы байқалады. Бір жылдары біздің өңірде егуге қарсы ата-аналардың саны 350-ге жеткен болатын. Биыл әлгі қарсы болған 299 ата-ананың арасынан 26-сы қайта ойланып, сәбиін ектруге әкелді» деді Орал Айтпайұлы.
Баласын ектіруден бас тартатындардың себебі әртүрлі. Басты себеп – ата-аналардың сеніміне (69,9 пайыз) байланысты. Негізі бала есейгенше егудің 7-ден 9-ға дейін түрін алуы керек. Барлығы егудің 21 түрі бар. Семинарда Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық талдау және мониторинг ғылыми-зерттеу орталығының жұқпалы және паразитарлық аурулар департаменті директорының орынбасары Айнагүл Қуатбаева және С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті неврология кафедрасының профессоры Гүлнар Мұхамбетова егудің қажеттілігін егжей-тегжейлі түсіндірді.
«Егу арқылы ғана ауыздықталатын аурулар бар. Мысалы, А,В гепатиттері, әулие, қызылша, тыныс жолдары жұқпалы дерттері басқаша емдеуге бағынбайды. Мысалы, 1995-1997 жылдарға, яғни гепатит В ауруына қарсы екпені қолданғанға дейін елімізде барлық тұрғындардың 10 пайызы сары ауруды таратушылар қатарында болатын. Екпені енгізген соң 20 жылдан кейін олардың қатары 1 пайызға дейін төмендеді» деді Айнагүл Мұқанқызы.
Мамандар екпенің арқасында Қазақстанда жұқпалы аурулардың қалай ауыздықталатынын, қандай жұмыстар жүргізілетінін, оның нәтижесін айтты. Қазақстанда пайдаланылатын екпенің барлығы да дүниежүзінде қолданылады. Екпе дәрілері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тексеруінен өтіп, сертификатталады. Еуропада соңғы жылдары екпеден бас тарту белең алған жерлерде әулие ауруының ошақтары пайда болған. Ал оның салдарынан бала шетінеп те кетеді.
«Соңғы 20 жылда екпенің арқасында республикада түбі бауыр рагына апаратын гепатит В ауруынан 80 мың адамды сақтап қалдық» деді Айнагүл Мұқанқызы. Ал профессор Гүлнар Мұхамбетова неврологиялық аурулардан зардап шегетін балаларды, әрине, аурудың деңгейіне байланысты егу керектігін, Айнагүл Қуатбаева бүгінгі ата-аналар жұқпалы, қауіпті аурулардың зардабын көрмеген жастар. Сондықтан олар баласын аяп, қиналмасын деп, егуден бас тартатынын айтты.
Қазір Қазақстанда балалардың 95-98 пайызы егуге қамтылады. Шамамен 0,04 пайызы бас тартады. Жұқпалы, қауіпті аурулар бас көтермес үшін балаларды егу 95 пайыздан төмен түспеуі тиіс екен. Қостанай облысында бұл іс 99 пайыз орындалады.
Нәзира Жәрімбет
«Егемен Қазақстан»
Қостанай